$ 498.34  519.72  4.85

Жамбыл облысында саятшылардың республикалық біріншілігі мәресіне жетті

Елімізде соңғы бірнеше жылдан берңі ұлттық спорт түрлері айтарлықтай дамып келеді. Ұлттық спорт түрлерінің федерациясы құрылып, республикалық және халықаралық дәрежедегі жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Солардың бірі – саятшылар арасындағы бәсеке.

Бүркітшілердің жарысы елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл жолғы тоғызыншы республикалық біріншілік Жамбыл облысында өтті және бұл жолы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналып отыр деп хабарлайды облыстың Дене шынықтыру спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Тараз қаласынан 20 км қашықтықтағы Жамбыл ауданына қарасты, Бектөбе ауылының атшабарында 9-дан 21 жасқа дейінгі 21 саятшы өзара бақ сынасты. Жас саятшылар еліміздің 8 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан келді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі ұлттық өнер жарысы биыл тоғызыншы рет өтіп жатыр. Жарысқа 16 бүркіт, 5 қаршыға баптай келген 21 саятшы шеберліктерін сынады. Қазақ халқының қанына сіңген бұл дәстүр - ел тәуелсіздігімен бірге түлеген ұлттық мұраларымыздың бірі. Сондықтан да, шараның басты мақсаты- ұлттық саятшылық өнерді одан әрі дамыту.  

3 түрлі жас ерекшелігі бойынша өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша, төрешілер үздік 3 спортшыны анықтады. Чемпионаттың «алтынын» Астана қаласынан келген Құдайберген Рауилұлы, Оңтүстік Қазақстан облысынан Төлемырза Паң мен Жамбыл облысынан Берікболсын Бабажан жеңіп алды.

Жалпы алғанда медальдардың басым бөлігін Жамбыл және оңтүстікқазақстандық бүркітшілер алды.

Спорттық шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетіне қарасты Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясы ұйымдастырды.

Жамбыл облысында үш бүркітші мектебі ашылды, келесі жылы тағы бір мектептің негізі қаланады деп күтілуде. Жамбыл облысында бүркітпен аң аулау тарихы 13-14 ғасырлардан бастау алған. Оған 2012 жылғы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған заттай деректер дәлел бола алады. Оның барысында Тараз қаласынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан Жетітөбе қорғанынан көмілген адамның сүйектері мен жыртқыш аңшы құстың қалдықтары табылған. Жетітөбе - сақ патшаларының қорғандары. Онда бір сызықтың бойымен жеті қорған орналасқан. Ежелден-ақ, саятшылық - жыртқыш құстармен аңға шығу - патшалардың айналысатын сүйікті ісі саналған.

Қазақстанда жыл санап бүркітшілікке баулитын жаңа орталықтар мен мектептер саны артып келеді. Болашақта қазақтың аталмыш спортқа - Қазақстандағы ең ежелгі аңшылықтың бұл түріне халықаралық мәртебе беру жоспарланып отыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары