$ 474.72  515.17  5.58

Алматы еліміздің ең үздік спорттық өңірі атанды

Жыл аяқтала елімізде әр саланың үздіктерін анықтау дәстүрге айналған. Осындай байқаулардың бірі спорт саласында жүргізілді. Ұлттық спартакиада-2017 шарасының мақсаты - Қазақстанның ең үздік спорттық өңірін анықтау. Байқау нәтижесінде Алматы қаласы жеңімпаз атанды.

Спартакиадаға бүкіл облыстар мен Астана және Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармалары арасында өтті. Жеңімпаз дауыс беру жүйесі арқылы анықталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы 75 865 дауыс жинап жеңіске жетті. Ал, оның ең негізгі бәсекелесі Оңтүстік Қазақстан облысы 74 862 дауыс жинады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитеті өткізген конкурс «Хабар» агенттігімен бірлесіп 7 қарашадан бастап өткізілген болатын. Аталған телеарна арқылы бүкіл республикада дауыс беру жүйесі жүргізілді. Жобаға барлығы 200 мыңнан астам дауыс келіп түскен.

- Нәтижелер 30 қарашада Астана қаласында Ұлттық спорт сыйлығын ұсыну салтанатты рәсімінде қорытындыланады, сондай-ақ, жыл қорытындысын шығарады, - деп атап өтті байқау ұйымдастырушылары.

Айта кетейік, Алматыда қысқы және жазғы спорт түрлеріне жағдайлар жасалған. Мәселен, Медеу мен Шынбұлақ қысқы спорт түрлеріне әрдайым дайын. Ал бүгінде қаламызда веложолдар көптеп салынып, қала ішінде тегін жүретін велосипедтер де орналастырылған. Бұл велосипедтердің игілігін әсіресе жастар көп көріп келеді. Өйткені, солардың арасында осынау көлікке деген сұраныс басым.

- Алматы қаласының әкімдігі Спорт басқармасымен бірлесіп үстіміздегі жылдың басынан бері 400 мыңға жуық адамды қамтитын 2,5 мыңнан астам спорттық іс-шараларды ұйымдастырып өткізді. Олардың арасында 2017 жылы өткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада, Алматы марафоны, «Алматы туры» мерейтойлық жол жарысы, «Алматы барысы» қазақ күресінен дәстүрлі жарыс, Шымбұлақта «Тау фестивалі», «Ұлы Дала ойындары», футзал бойынша Еуропа кубогының финалы және тағы басқалары, - дейді Дене шынықтыру және спорт Басқармасының басшысы Әбіл Донбаев.

Сондай-ақ, мегаполисте «Спорт Алматы» және «Спорт менің ауламда» бұқаралық спорт түрлеріне қолдау көрсету бойынша бағдарламалар сәтті енгізілді. Биылғы жылы Алматы командасы Қазақстан Республикасының IV жастар спартакиадасында командалық орынды иеленді. Ал өткен жылы Алматы командасы Қазақстан Республикасы колледждерінің оқушылары мен студенттерінің Спартакиадасында командалық орынды иеленді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары