Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин АҚШ-иың Ирвинг қаласында өткен "Челленджер" сериясындағы турнирді жеңіп алды.
Финалдық кездесуде жерлесіміз италиялық теннисші Матео Барретиниді үш сетте жеңді, есеп: 6:2, 3:6, 6:1. Теннисшілер кортта 1 сағат 44 минут бойы өнер көрсетті.
Айта кетейік, Кукушкин финалға жету үшін 4 америкалық теннисшіні жеңді. Олардың үшеуін ол екі оңай, яғни екі сетте жеңсе, біреуімен болған кездесу қиынырақ өтті.
30 жастағы Кукушкин қазіргі таңда ATP рейтингінде 89-орында тұр. Ал, оның финалдағы қарсыласы 21 жастағы Берретини болса 108-ші сатыда. Бұл матч екеуінің арасындағы алғашқы кездесу.
Ирвингтегі турнирдің жүлде қоры 150 мың АҚШ долларын құрайды. Жарыс 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Былтыр Кукушкин аталған турнирде финалға дейін жетіп, ақтық бәсекеде жеңіліп қалған болатын.