Польшаның Вроцлав қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында В тобында өнер көрсеткен 17 жасар қазақтың қаршадай қызы Әйгерім Ауылбек (58 келі) бірінші орынға ие болды. Бұл туралы ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Әйгерім алғашқы жаттығуда 79 келіні басынан асыра еркін көтерсе, екіншісінде 101 келіні оңай бағындырып, қос сайыс қорытындысы бойынша жерлесіміз 180 келі көрсеткішпен өз тобында ең үздік спортшы атағына қол жеткізді.
Әйгерім бұған дейін де әр түрлі додаларда еліміздің намысын абыроймен қорғап келеді. Айталық, ол осыған дейін жасөспірімдер арасындағы (17 жасқа дейін) Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионы атанған.
Маусымның 6-сы күні жалауы желбіреген әлемдік додаға елімізден жалпы 4 спортшы аттанған болатын. Әйгерімнен басқа, бұл жарыста I Афро-Азиялық чемпионаттың және III Азия Кубогының жүлдегері, Қазақстан чемпионы Екатерина Быкова (75 келі), жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік талай сындарда жасындай жарқырап, әлем рекордсмені атанған Надежда Ногай (+75 келі) және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Аят Әмірбеков (85 келі) бақ сынайды.
Аят жарыс алаңына 10 маусымда, Екатерина 12 маусымда, ал Надежда 13 маусымда шығады.