Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жекті ұйымдастырушылар жарнамалық науқанды тоқтатты деп хабарлайды "Чемпионат.com" порталы.
Аталған бокс кеші 5 мамырда Лас-Вегаста өтуі тиіс болатын. Алайда, жекпе-жекті ұйымдастырушылар қазір оның өтпеуі мүмкін екенін айта бастады. Мәселен, Los Angeles Times басылымының жазуынша, Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы кездесуге дайындығын ресми тоқтатса, HBO телеарнасы жарнама таратуды доғарған. Ал, MGM Resorts көрермендерге билеттерін кері қайтаруға дайын екенін мәлімдепті.
"Көптен күткен Альварес-Головкин жекпе-жегі болмай қалуы мүмкін. MGM компаниясының ресми өкілі сатылған билеттерді толықтай қайтаруға дайын екендіктерін мәлімдеді. Егер жанкүйерлер ақшаларын қайта алғысы келсе билетті сатып алған орындарға барып, бір тыйын шығынсыз қайтарып ала алады", - деп жазады Fightnights.com порталының тілшілері.
Айта кетейік, 28 наурыз күні ESPN телеарнасының сарапшысы Дэн Рафаэль 5 мамырға жоспарланған жекпе-жек кейінге қалдырылуы мүмкін деген болжамын жасаған еді.
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік бұған дейін мексикалық боксшының сынамасынан тыйым салынған заттың бар екенін анықтаған болатын. Невада штатындағы Атлетикалық комиссия оны 10 сәуірге дейін спорттан уақытша шеттетті. Осы күні Альварестің мәселесі түбегейлі шешілмек.