Аралас жекпе-жектен америкалық спортшы Пейдж Ванзант өзінің жазған автобиографиялық кітабында («Rise: Surviving the Fight of My Life») басынан өткен жантүршігерлік оқиғасымен бөлісті деп жазады Eurosport.
Спортшы қыздың айтуынша, оны 14 жасында бір топ жігіт жабылып зорлапты. Ол уақытта Пейдж Орегондағы метептердің бірінде білім алып жүрген. Сауық кешінде оны бірнеше жігіт мәжбүрлеп алкоголь ішкізіп, артынша зорлап тастапты.
«Олар жан-жақтан мені қоршап алды. Қорғансыз едім. Қарсылық білдіріп орнымнан тұрайын десем, қайта-қайта құлай бердім. Басым айналып кетті. Не болып жатқанын білгеніммен, өзімді тірі өліктей сезіндім. Маған зорлық көрсеткен оларды тоқтата алмадым. Солардың айтқанын істеп, құдайға жалбарынудан басқа менде таңдау болмады. Жиіркенішті сәттің тезірек біткенін қаладым», – деп жазады спортшы қыз өз кітабында.
Пейдж Ванзант UFC-де жеңіл салмақтардың бірінде өнер көрсетеді. 24 жастағы спортшы қыз кәсіби дебютін 2012 жылы ММА лигасынан бастаған.