BoxingScene.com және FightClub.com.tr порталдарының түрік шолушысы Сихат Гемичи Геннадий Головкиннің күрделі жағдайына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазақстандық боксшы 5 мамырда жоспарланған жекпе-жегін өткізбейді.
"Мен Головкиннің деңгейі төмен боксшылармен жұдырықтасқанын қаламаймын. IBF тым ережеге қатал болып кетті. GGG жалғыз чемпион болғандықтан қауымдастық оған жеңілдік жасап, 5 мамырға жоспарлаған жекпе-жегін өткізбеуге рұқсат беру керек. Менің пікірімше, Головкиннің келесі жекпе-жегі қыркүйекте өтуі тиіс. Оның қарсыласы не Билли Джо Сондерс, не Сауль "Каенло" Альварес болады. Қазір Головкинге PPV сатылым керек. Ал, ондай сатылымды тек осы екі боксшымен ғана ала аласың. Қалған боксшылар көп жанкүйер жинай алмайды", - деді Гемичи.
GGG промоутері Том Леффлер де 5 мамырға қатысты нақты пікір айта алмайтынын мәлімдеп отыр. "Барлығы да өзгеріп кетуі мүмкін. Дәл қазір біз болады, не болмайды деп анық айта алмай отырмыз. Головкиннің жекпе-жектері өте маңызды шаралардың біріне жатады. Сондықтан, оған алдын ала дайындалу қажет. Ал, бізде уақыт өте аз қалды", - деді Леффлер америкалық журналистерге берген сұхбатында.
Еске салайық, 5 мамыр күні Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес қарымта жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Алайда, мексикалық боксшының қанынан тыйым салынған препарат анықталып, кездесу кейінге қалдырылды.