Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевқа жоғарғы белгі - төсбелгі табыстады, деп хабарлайды минитрліктің баспасөз қызметі.
4 шілде күні Б. Ыстыбаев «Қазақстан Барысы-2015» республикалық турнирінің финалында қызылордалық Руслан Әбдіразақовтан басым түсіп, жеңімпаз атанған болатын. Жеңімпаз 150 мың доллар көлеміндегі сыйлық пен чемпиондық белбеуге және Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен алтын тайтұяқ тапсырды.
«Астана күні аясында «Қазақстан Барысы-2015» турнирі өтіп, Мемлекет басшысы Бейбіт Ыстыбаевқа гран-при табыстағаны қандай тамаша. Елбасы Қазақстан болашаққа сенімді қадам басып келе жатқан интеллектуалды ел болуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Ол үшін жастар спорт пен мәдениетке көңіл бөліп, рухани бай болуы тиіс. Сонда мемлекетіміз «Мәңгілік Ел» атануға лайық болмақ», - деді А.Мұхамедиұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Бейбіт Ыстыбаев осымен екінші мәрте "Қазақстан Барысы" атанып отыр. Ол бұған дейін "Қазақстан Барысы", "Еуразия Барысы" сынды түрлі додаларда топ жарып жүрген палуан.