Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бүгін пышақталған даңқты спортшы Денис Теннің жағдайы туралы ресми мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Тен қазіргі таңда Алматының орталық клиникалық ауруханасында жатыр. Ол 3 литр қан жоғалтыпты. Жағдайы аса ауыр. Қазір дәрігерлер оны отаға дайындап жатыр.
Оқиға 19 шілдеде күндізгі сағат 15:00 шамасында Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Белгісіз екі жігіт Денис Теннің көлігінің айналарын ұрламақ болған көрінеді. Ұрлық үстінен түскен Денисті олар пышақтап тастаған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілерді іздеуге қалалық ІІД-нің ішкі құрамы толық жұмылдырылды.
Денис Тен — Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Мәнерлеп сырғанаудан 2013 жылы әлемнің күміс жүлдегері атанған, VII қысқы Азия ойындарының чемпионы.