20.08.2018, 17:19

АЗИАДА-2018: Жұлдыз Ешімова Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

Индонезияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық балуан Жұлдыз Ешімова еркін күрестен әйелдер арасында 53 келіде күміс медаль иеленді деп хабарлады Азаттық тілшісі. Ол финалда биылғы Азия чемпионы Пак Йонг Мимен (Солтүстік Корея) кездесіп, 0:11 есебімен жеңілді.

Ешімова финалға дейін Оңтүстік Корея спортшысы Ли Чен Хені (11:6), таиландық Джантима Вирангсаны 10:0 есебімен жеңген. Жартылай финалда моңғолиялық Ерденечимегей Сумядан 15:14 есебімен басым түсті. Моңғолия балуаны биыл наурызда Бішкекте өткен Азия чемпионатында Ешімованы жеңген.

Бұл - Қазақстанның биылғы Азия ойындарындағы алтыншы медалі. 19 тамызда қазақстандық семсерлесуші Дмитрий Алексанин алтын алған. Еркін күрестен Қазақстан ерлер құрамасы бір күміс, екі қола иеленген. Ал бүгін, 20 тамызда таэквондошы Фариза Алдонғарова Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.

Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысады. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.