05.09.2018, 17:00

Боз кілемде бағы жанған Бағлан балуан!

Азияны өзіне қаратып Индонезия мемлекетінің Джакарта қаласында өткен XVIII жазғы Азия ойындарында самбо күресінен елу екі салмақта Қазақстан қоржынына он екінші алтын медальды салған Ибаргим Бағланды өңір жұрты үлкен қошеметпен қарсы алды.

Осылайша 2018-ші жылдың 18 тамыздан 2 қыркүйекке дейін жалғасқан Азия ойындарында мықты спортшылар бақ сынаған сайыста Қазақстан құрамасы 45 мемлекеттің ішінен 76 медальмен 9-шы орыннан көрінді. Айта кету керек Қазақстан құрамасында болған 34 қарағандылық спортшы барлық сайыста ел абройын асқақтатып қайтты. Азия ойындарында жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 7 қола медальмен елге олжалы оралды.

Жалпы самбо күресі Қазақстанда 1950-1960 жылдары қарқынды дами бастаған. Естеріңзде болса, 1984 жылы Мадрид қаласында 48 кг салмақ дәрежесінде самбо күресінен тұңғыш Әлем Чемпионы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тумасы Қанат Байшолақов (марқұм) еді. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жерлесіміздің ізін Бағлан Ибрагимұлы қайталап, төрткүл дүниені тәнті етті.

Ибрагим Бағлан Ибрагимұлы – 1994 жылы дүниеге келген. Жезқазған қаласындағы №21 орта мектебінің түлегі. Бағлан 2004 жылдан бері күреспен шұғылданады. Қазақстан Республикасының Спорт шебері, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының негізгі құрам мүшесі. Күресті бастаған жылдардан бері, қазіргі таңда бірнеше дүркін Халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері. Бағлан биылғы жылы сәуір айында Жезқазған қаласында өткен ҚР Чемпионатында чемпион атанды. Ал, маусым айында Моңғолия мемлекетінің астанасы Ұланбатырда өткен самбо күресінен Азия Чемпионатында алтын медальды ұтып алып Чемпион атанып, Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын орындады. Ибрагим Бағлан Ибрагимұлының жеке бапкер-жаттықтырушысы Саят Махметсұлтанұлы Сериковтің спорт саласындағы ерен еңбегін ескеріп айтқан жөн. Осындай елеулі қуанышпен қатар Елордамыздан ақжолтай хабар жетті. Ибрагим Бағлан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебер атағы берілетін болды. Жас батырымызға әлі де сан байрақты додада Еліміздің көк туын желбіретіп, бағы жана беруіне тілектеспіз! Жарайсың Бағлан балуан! Біз сенімен мақтанамыз! Қазақстан тек қана алға!

Ізтөлеу ТҮСІПОВ