$ 482.86  533.17  5.08

Чемпионға – лайықты құрмет

XVIII Азия ойындарына қатысып, Джакарта төрінде көк байрақты көкке көтеріп, Әнұранды шырқатып, елдің абыройын асқақтатқан жезқазғандық самбошы Бағлан Ибрагимге көрсетіліп жатқан құрмет әлі де толастамады. Кеше ғана мемлекет тағайындаған 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақымен марапатталған Бағлан облыс әкімі Ерлан Қошановтың қабылдауында болды. Онда да қомақты қаржылай сыйақы мен бір бөлмелі пәтердің иегері атанды. Ал, сәрсенбінің сәтті күнінде чемпион Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовпен кездесті.

– Бағлан 2013-2018 жылдар аралығында түрлі байрақты бәсекелерге қатысып, намысты қолдан бермегенін білеміз. Екі дүркін Азия чемпионы атанған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азия ойындарында ел қоржынына алтын салып, мерейімізді үстем етті. Бағлан, жеңісің құтты болсын! Бұл жеңіс соңыңнан ерген жас спортшыларға жігер беріп, үлгі болары анық, – деген Қайрат Баяндыұлы жезқазғандық кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйға тартылған пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.

Бағлан батырдың жеңіске жетуінде ұстазы Саят Серіковтің де еңбегі зор. Осы ретте, чемпионның қанатын қатайтып, бәйгелерге қосқан жаттықтырушысының еңбегі де еленіп, ол да қаржылай сыйақымен марапатталды.

– Бұл – ортақ, қазақ елінің жеңісі. Маған артылған зор сенімдеріңізді алдағы күні, яғни қараша айында өтетін Әлем чемпионатында ақтауға барымды саламын, – деген Бағлан Ибрагим өзіне көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді. Жиында сөз алған бапкер-жаттықтырушысы Саят Серіков Жезқазғанда спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалғанын әрі мысты өлкеден талай чемпион түлейтінін алға тартты. Бұл ойын қала басшысы да құптап:

– Жалпы республика көлемінде спортты дамытуға баса назар аударылады. Жезқазғанда да дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен байдарка мен каноэде ескек есу мектебі жанынан спорт кешенін салудың жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде, – деп, біздің спорттың болашағы бұдан да жарқын болатынына сендірді.

Ардагер спортшы Мұхамед Әлиакпаров самбо күресі бойынша қазақ елінен тұңғыш Әлем чемпионы атанған Қанат Байшолақовтың ізін жалғайтын жастардың барына қуанышын жасырмады. Және спорттың қай түрі болмасын қолдауды қажет ететінін тілген тиек етті. Жезқазған самбо федерациясының басшысы Амантай Асамиданов Әлем біріншілігіне Жезқазғаннан екі спортшы, яғни Бағлан Ибрагим мен Әділет Саяжанов аттанатынын айтып, жерлес спортшылар жеңіспен оралса деген ниетін білдірді. Кездесуден соң қалалық спорт бөлімінің басшысы Дидар Муталипов жас спортшыны жаңа пәтеріне бастап барды. Қала орталығынан орын тепкен үйден пәтерлі болған Бағлан Ибрагим өзін қолпаштап жатқан ел ағаларына шексіз алғысын жеткізуімізді өтінді. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» емес пе?!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары