17.08.2015, 04:57

«Астана»-АПОЭЛ командаларының матчына әйгілі Виктор Кашшаи төрелік етеді

astanaarena.kz

Астана - АПОЭЛ футбол матчын 30 мыңға жуық жанкүйер тамашалайды, деп жазады Астана әкімдігінің ресми сайты.

Тамыздың 18 күні сағат 22:00-де «Астана Арена» стадионында Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші футбол матчы – «Астана» мен АПОЭЛ (Кипр) арасындағы кездесу өтеді. «Астана Арена» стадионына кіру билет бойынша жүзеге асады. 

Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басысының орынбасары Е. Чупековтың айтуынша, сағат 20:00-ден бастап матч біткенге дейінгі аралықта Қабанбай батыр даңғылы мен Тұран аумағында, сондай-ақ, Керей-Жәнібек хандар мен Хусейн Бен Талал көшелерінде жол қозғалысы шектеледі. Айналып өту маршруты - Орынбор көшесі.

Аталмыш футбол матчын тамашалауға 30 мыңнан астам жанкүйер келеді деп күтілуде.

Көрермендерді жинау және жеткізу үшін Астана қаласы әкімдігі бөлген арнайы автобустар қатынайды. Атап айтқанда, аталмыш қоғамдық көліктер «Қазақстан» спорт кешені, «Салтанат Сарайы», Елордалық цирк, «Әзірет Сұлтан» және «Нұр Астана» мешіті және Қ. Мұнайтпасов атындағы стадион тұрағы алдында тұрады. Одан бөлек, №10, 12, 27, 28, 30, 40, 43, 51 және 61 автобустары қатынайды.

Сонымен қатар, қоғамдық тәртіп пен футбол матчы кезіндегі қауіпсіздікті сақтау үшін ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының 2 мыңға жуық сарбазы күшейтілген режимде өз қызметтерін атқарады.

Сондай—ақ, Vesti.kz хабарлауынша «Астана»-АПОЭЛ командаларының матчына әйгілі венгриялық төреші Виктор Кашшаи төрелік етеді.