$ 481.84  531.33  5.07

Жезқазғандық каратешілер Ресейден олжамен оралды

Еліміздің әр аймағында күн санап стадион, спорт мектептері мен бассейн сынды түрлі спорттық құрылымдар бой көтеруде. Спорттық нысандар санының артуы мақтаныш қана емес, сонымен бірге, қарапайым халықтың спортқа деген қолжетімділігін арттырып, бұқара денсаулығының жақсаруына бастайды. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі» екенін айқындап берген еді. Дені сау ұрпақ тәрбиелеп, тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына барынша жағдай жасаудың нәтижесінде бүгінде көпшіліктің спортпен шұғылдануға деген ынтасы мен спортшылардың жеңіске деген ұмтылысы зор.

Жеңіске жету қай салада болмасын табандылық пен еңбекті қажет етеді. Спортта да дәл солай. Тек өз ісіне адал әрі шындалудан талмайтындар ғана көздеген межеге жетіп, жеңіс тұғырынан көрінеді. Карате кекушинкай-каннан Жезқазған қалалық федерациясының тәрбиеленушілері жоғарыда аталған барлық қасиеттерге ие екендерін Барнаулда өткен Еуразия кубогын сарапқа салған кездесуде паш етті.

Жезқазғандық жас спортшылар туған қаласының ғана емес күллі Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап қайтты. Қанжығалары бірнеше медальмен майланған спортшыларды Жезқазған темір жол вокзалында жанкүйерлік танытқан жерлестері үлкен қошеметпен қарсы алды.

12-13 қазан аралығында Ресей жерінде жалауын көтерген халықаралық бәйгеге Германия,Иран және ТМД елдерінен жүзге тарта спортшы қатысқан. Еліміздің намысын қолдан бермеуге тырысқан қазақстандықтардың қатарында 13 жезқазғандық та болды. Біздің каратешілер қарсыластарын басымдықпен жеңіп, жақсы көрсеткіш көрсетті. Атап айтқанда, 30 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен сегіз жасар Бейбіт Сейітжанов пен 25 салмақ дәрежесіндегі Даниэль Мержалимов ел қоржынына екі алтын салды. Сегіз жасар Әдемі Мүбарак күмістен алқа тағына, Дидар Сүгірәлі мен Ділназ Серекова қола жүлдегер атанды. Бапкер-жаттықтырушысының үмітін ақтап, жиған тәжірибелерін сайыста қолдана білген каратешілер енді облыс орталығында өтетін «Шахтерлер астанасының кубогі» додасында бақтарын сынап көрмек. Жас спортшылардың алдағы күндеріне сәттілік тілей отырып, олардың намысты кездесулерде өнер көрсетуіне мұрындық болып жүрген қалалық спорт бөліміне ата-аналар мен жаттықтырушылар атынан алғыс білдіреміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары