Теміртау қаласында жалауын көтерген грепплинг күресінен Қарағанды облысының ашық біріншілігінде жезқазғандық спортшылармысты өлкенің абыройын асқақтатып қайтты.
«Қыран» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен грепплинг күресінің қыры мен сырына қаныққан Совелий Рыжов пен Нұржан Баймағанбетовтың бағы жанды. Олар үш кездесу өткізіп, қарсыластарын басымдықпен жеңді. Осылайша, күміс жүлдегер атанды. Жалпы алғанда, Қарағанды облысының ашық біріншілігіне қала мен аудандардан барлығы 300-ден астам спортшы қатысты. Ал, Жезқазған қаласының намысын жеті спортшы қорғаған. Грепплинг күресінен спорт секциясы енді ашылғанын ескерсек, қос күміс медаль – өте жоғары жетістік.
– Грепплинг күресі – күрес пен шығыс жекпе-жегі айкидоның қосындысы. Күреске қатысқан палуандар спорттың бұл түрін тез меңгеріп кетеді. Қазір қол астымда 20-дан астам палуан жаттығады. Бүгінде Елордада өтетін Қазақстан біріншілігіне қызу дайындық үстіндеміз. Шәкірттерім Нұрлыбек Мөрбек пен Совелий Рыжовқа артылған сенім мол. Бұл жекпе-жек түрін Жезқазғанда әрі қарай дамытамыз деген үміттемін, - деп болашаққа бағамдаған жоспарларымен бөліскен бапкер-жаттықтырушы Саят Кожухов аталмыш спорт түріне қызығушылық танытқандар болса, «Пирамида» ғимаратында орналасқан жаттығу залына келуге болатынын айтты.
Грепплинг күресінде қарсыласты ұруға болмайды. Бұл - басты шарт. Дегенмен, дзюдо, самбо күресінің қимылдарын қолдануға рұқсат. Биылдан бастап грепплинг күресі Әлем біріншілігі ойындары қатарына енді. Келер жылы Әлем чемпионатына шәкірт қатыстыруды мақсат тұтқан Саят Кожухов пен тәрбиеленушілеріне сәттілік тіледік.