Жыл басынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйытқы болуымен бастау алған «Адал жол – Честный путь» эстафетасы Жезқазған қаласына да жетті. Аталмыш шара еліміздің барлық өңірлерін қамтып, Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай, яғни ағымдағы жылдың 9 желтоқсанында қорытындыланады. «Адал жол – Честный путь» эстафетасы аясында Жезқазған қаласы әкімі аппараты мен оның құрылымдық бөлімдері қызметкерлерінің арасында волейболдан жарыс өтті.
Жарысқа қатысуға төрт команда ниет танытты. Қалалық әкім аппаратының қызметкерлері өздеріне «Болашақ» деген атау берсе, әлеуметтік салаға жататын қалалық бөлім қызметкерлерінің топтары «Адал жол» аталды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі, құрылыс және сәулет бөлімдерінің мемлекеттік қызметшілері шоғырланған команда «Ақсұңқар» болды. Ал, кәсіпкерлік және экономика мен қаржы бөлімдерінің қызметкерлері «Қыран» атты команданың намысын қорғады.
Өте тартысты өткен волейбол жарысында намысты қолдан бермеген «Болашақтың» ойыншылары жеңіс тұғырынан көрінсе, «Адал жол» командасы жүлделі ІІ орынды қанжығалады. «Ақсұңқар» командасы да үздік үштіктің қатарынан табылды. Жеңімпаздар медаль мен Алғыс хаттармен марапатталды.
Жемқорлыққа қарсы эстафета эссе жазып, флеш-моб билеумен, сондай-ақ, қала көшелерінде мотошеру ұйымдастыру сынды акциялармен жалғасады. «Адал жол – Честный путь» эстафетасының Жезқазған қаласындағы марафоны Сәтбаев қаласына эстафета жалауын тапсырумен тәмамдалады