$ 443.35  475.54  4.82

Бейбіт Назаров Астанада «Алтын белбеуін» екінші рет қорғайды

Биылғы жылдың 4-ші қазанында Астана қаласындағы «Сарыарқа» спорт кешенінде аралас жекпе-жектен ММА «KUNLUNFIGHT 4 CAGE SERIES» деп аталатын Әлем біріншілігі өтеді. Оған 15 елден ең мықты деген 22 спортшы қатысады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихаты барысында жария етілді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұл әлемдік додада 57, 61, 66, 70, 77, 84, 93 және аса ауыр салмақ дәрежесінде 12 жекпе-жек өткізіледі. Солардың ішінде 5 жекпе-жекке қазақ жігіттері шығып, ел намысын қорғайды. Олар: Бейбіт Назаров, Руслан Хамзаев, Нұржан Тұтқаев, Нұрберген Шәріпов және Қазыбек Әшімов. Сонымен қатар, АҚШ-тан, Бразилиядан, Оңтүстік Кореядан, Қытайдан және Еуропа елдерінен ережсіз жекпе-жектің ең мықты деген сайыпқырандары келеді», - деді өз сөзінде «Alem Fighters» кәсіпқой спорт клубының президенті Ардақ Назаров.

Сондай-ақ, ол інісі Бейбіт Назаровтың осы турнирде өзінің «Алтын белбеуін» екінші рет қорғайтынын жеткізді.
«Өздеріңіз білесіздер, Бейбіт биыл сәуір айында Алматыда өткен осындай Әлем біріншілігінде «KUNLUNFIGHT» тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Кейін, көп ұзамай маусым айында Бейжің қаласында өткен кезекті әлемдік додада ол жергілікті сайыпқыран Бухао Тянды жеңіп, өз белбеуін бірінші рет қорғап қалды. Енді алдағы турнирде екінші рет қорғайтын болады», - деді А. Назаров.
Сондай-ақ, «Alem Fighters» кәсіпқой спорт клубының президенті Астанада өтетін Әлем біріншілігін тамашалуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі мүмкіндігін айтты.
«Бұл әлемдік доданы тамашалауға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келеді деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар, Астана әкімдігі, Мәдениет және спор министрлігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары келеді деген жоспар бар. Тағы бір жаңалық, қтурнирдің құрметті қонағы ретінде аралас жекпе-жектің белгілі шебері, атақты кикбоксер, «Страйкфорс» тұжырымының экс чемпионы голландиялық спортшы Алистар Оверим келуі мүмкін. Қазір онымеен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді А. Назаров.
Айта кетелік, бұл біріншіліктің басты ұйымдастырушысы - аралас жекпе-жек бойынша KUNLUN FIGHT CHINA дүниежүзілік ұйымы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары