Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен канадалық Стив Роллс (19-0, 10 КО) Лос-Анджелесте (Калифорния штаты, АҚШ) екінші рет баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Sports.kz.
Головкин 8 маусым күні «тамаша шоу» сыйлайтынын тағы да атап өтті, сондай-ақ Роллсты қарсылас ретінде таңдауы кездейсоқ еместігін тілге тиек етті. «Стив осы жекпе-жекке лайықты. Меніңше, ол осы жекпе-жек үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған бірден-бір боксшы болды, сондықтан да осы жекпе-жекті алды», - деді Головкин.
Роллс, өз кезегінде, жекпе-жекте жеңіске жету үшін де қолынан келгеннің бәрін жасайтынын жеткізді. Баспасөз мәслихатынан кейін Головкин мен Роллс дәстүрлі көз арбасу рәсімін өткізді. Олардың жекпе-жегі 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді.
Еске салсақ, бұған дейін Нью-Йоркте қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен канадалық Стив Роллс (19-0, 10 КО) жекпе-жек алдында көз арбасқан болатын.
Дереккөз: ҚазАқпарат