XVII жазғы Азия ойындарында Қазақстаннан 500-ге тарта спортшы спорттың 39 түрі бойынша бақ сынайтын болады, деп хабарлайды Baq.kz.
ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Азия ойындары бағдарламасына 41 олимпиялық және 9 олимпиялық емес спорт түрі енген. Спорттың 50 түрі бойынша 437 медаль жиынтығы сарапқа салынып, 45 елден 13 мың спортшы мен жаттықтырушы қатысады.
Бұл көрсеткіш бойынша Азия ойындарының деңгейі 16 мың адамға дейін қатысатын Жазғы Олимпиадалармен салыстыруға болады. Сондай-ақ, Азия ойындарынан БАҚ-тың 7 мыңға тарта өкілі хабар таратпақ.
Хабарламада «ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі бекіткен арнаулы кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында спортшылар дайындығын қажетті жағдаймен қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы Азия ойындарында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 4-орын алуды жоспарлап отыр» делінген.