Футбол әлемінің ғана емес, бүгінде күллі әлем спортының бас жұлдыздарының біріне айналған португалдық жігіт Криштиану Роналдудың ислам дініне үлкен көңіл бөлетіндігі ақпарат құралдарында жиі сөз болып жүр. Әсіресе, оған командаласы Месут Өзілдің қасиетті Құран кітапты сыйға тартуы да көпшілік үшін ерекше жайт еді.
Жалпы, Роналдудың жанкүйерлері оның қандай жерден өсіп шыққаны, қалай өскені, қандай жолдардан өткені жайлы мағлұматтардың бәрін біліп болған. Және Роналдуға бүгінгі биігіне жетуге көмектескен адамдардың да кейінгі жағдайы жақсарып шыға келгені де көпшілікке белгілі. Бұл ретте, Роналду өзінің тек футболшылық дара биігімен ғана емес, адамгершілік қасиетімен де талай жанды баурап келеді. Тіпті, соңғы жылдары Криштианудың Палестинадағы жазықсыз жапа шегіп жатқан бейбіт тұрғындарға, тағдыры сұм соғысқа тап келген балаларға қолдау білдіріп жүргені де баршаға аян.
Сөйтіп жүрген Криштианудың бір ауыз сөзі қазір бүкіл әлемде қызу талқыланып жатыр десек артық болмас. Криштианудың аузынан шықты деп тарап жатқан сөз мынау: «Егер мен өзге футболшылар секілді Израильді жақсы көрем деп айтсам, онда мені жыл сайын әлемнің үздік футболшысы ретінде таңдай беретін болады. Алайда, мен ешқашанда мұндай нәрсені айтпаймын. Оның үстіне, мен қашанда Израильді жек көріп келемін. Мен Палестинаны және ондағы әділетсіздіктен ажал құшып жатқан жазықсыз балаларды қолдаймын».
Криштианудың осы бір төтесінен айтқан сөзінде «өзге футболшылар» деп кімдерді немесе кімді меңзеп тұрғанын ойланған кім бар?
Жыл сайын әлемнің үздік футболшысына берілетін атақты былтыр Криштиану Роналдудың алғанын жақсы білеміз. Алайда, соған дейін бұл атақты төрт мәрте қатарынан олжалаған Лионель Месси жөнінде футболсүйер қауым ортасында бір арнаға тоғыспаған пікірлер көп. Мессидің тек бір клуб құрамында ғана жақсы ойнайтыны, осыған дейін Аргентина ұлттық құрамасы сапында жетекші рөлге ие бола алмай жүргені және тағы басқа да сәттері жанкүйерлер көзқарасын қақ жарып келеді. Одан бөлек, соңғы жылдары «Барселона» футбол клубы ел чемпионатында да, УЕФА чемпиондар лигасында да жолы болмай, жағдайы нашарлап бара жатса да Мессидің атағы сол күйі бір тепкішек те төмендеген жоқ.
Және осылармен қатар, Лионель Мессидің «Барселонадағы» өзге командаластарымен бірге Израильге барып, ондағы діни киелі орындарға мінәжат етіп қайтқаны бар. Мессидің бұл сапары оның алтын допты төрт қайтара алуына қандай әсері болғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ. Дегенмен, не де болса, алтын допты екінші мәрте алып тұрған сәтте көз жасын тыюға шыдамы жетпеген Криштианудың сөзінде бір гәп болуы да ғажап емес.