$ 494.87  520.65  4.91

Шымкент қаласының әкімі Орталық стадионға байланысты пікір білдірді

Әлеуметтік желі билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір боп тұр. Осы арқылы да билік басындағылар қалың бұқараның пікіріне құлақ түріп отырады. Мәселен, жуырда ғана Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Орталық стадионды күрделі жөндеуге кететін қаржының көлемін жариялаған-ды. Іле-шала көпшіліктің пікірі екіге айрылды. Бірі «Дұрыс, әлемдік стандартқа сай болуы қажет» дейді, екіншісі «Ескіні жамағанның есі кетеді», неге сонша көп қаржы жұмсалады?» дейді.

Осыған орай, «Инстаграмдағы» өз парақшасында Ғабидолла Әбдірахымов: «Мен жақында стадионның қайта құрылысы туралы жоспарларыммен бөлістім. Әрине, қоғамда стадионның құны туралы сұрақтар пайда болды. Түсіндіргім келеді. Стадион бізге тек футбол үшін ғана қажет емес. Сонымен қатар Шымкенттің туристік орталық болуын қалаймыз. Он мыңдаған туристік қонақ біздің қонақүйлерімізде тұрып, дәмханаларымызға, мейрамханаларға және дүкендерге келуін қалаймыз. Бұл дегеніміз Шымкент қаласында жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, бизнестің өркендеуіне жол ашып, қала тұрғындарының табысын көбейтеді, ұлғайтады. Бірақ бұған қалай қол жеткізуге болады?

Бізде Римдегідей Колизей, Түркістандағы кесене немесе Париждегі Эйфель мұнарасы жоқ. Прага, Лондон немесе Санкт-Петербург сияқты сәулет, мұражайлар мен театрларымен де мақтана алмаймыз. Шымкент өзінің жылы ауа райымен, дәмді тамағымен, өз қонақжайлылығымен баурап алады. Қаланың маңында көрікті жерлер бар. Бірақ миллиондаған туристерді жыл сайын қаламызға тарту жеткілікті ме? Бұл – өзімізге қойған міндет.

Біз 2000 жылдан асқан ескі қала Цитадельді қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, отбасылық ойын-сауық саябағын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл туризмді дамытуға ықпал етеді. Бірақ бұл жеткіліксіз.

Басқа елдердің тәжірибелеріне қарап, туризмнің жақсы дамуына қалада қызықты іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Наурызда «Ашық аспан» фестивалі, ал өткен сенбіде «Қызғалдақ жолы» фестивалін өткіздік. Фестиваль кезінде қонақүйлер мен кафелердің жұмысы алға басты.

Шымкентте әлем жұлдыздарының концерттерін, қызықты спорт түрлерін, музыкалық шоуларын тамашалауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ташкент, Бішкек, Новосибирск, Екатеринбург, Челябинск қалаларының тұрғындары ниет білдіретіндей етіп ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін арнайы спорттық және концерттік алаңдар керек. 20 мың орындық жаңа стадион біз үшін қолайлы алаң болады. Стадион құны шамамен 45 миллион долларға бағаланады, ол қымбат немесе арзан ба? Қысқаша шолу жасадым. Анталиядағы жаңа стадионның құрылысы — 53, Калифорниядағы — 252, Огайодағы — 200, Екатеринбургтегі — 198, Қазандағы — 235, Санкт-Петербургтегі — 672, Ирландиядағы — 460, Варшавадағы — 570 миллион, ал Лондондағы — 1 миллиард АҚШ долларынан асады. Мен шымкенттік стадионның жобасын мұқият зерделеп, мүмкіндігінше арзандатуды тапсырдым» деп жазба қалдырды.

«SN.kz»-ақпарат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары