$ 448.15  483.46  4.86

Шымкент ұлттық ат спорты ойындарына ерекше мән береді

Асанбай Асқаров атындағы орталық ипподромда Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен этнотанымдық шара өтті. Ұлттық спорт түрлері мектебі көкпар бөлімінің шабандоздары сәйгүліктеріне қонып, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сынды ұлттық ат спорт ойындарының көрігін қыздырды.

Ауыздығымен алысқан арғымақтарды тақымдаған спортшылар алдымен жиналған көрермен қауымға ат ерттеу мәдениетін паш етті. Мұнан соң екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысты. Бұл спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі аударыспақ болатын. Есіркеп Мәлік пен Серікбай Айбек есімді ауыр салмақтағы палуандар сайысты. Қарымта шабуыл жасап, Серікбай Айбек жеңіске жетті. Екінші боп білек күшін сынауға ортаға шыққан Жақсылық Ақарыс пен Сабыр Бақдаулет болды. Тартыс бес минутқа созылып, сайыста айқын басымдылықпен Сабыр Бақдаулет жеңді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп жатқан этнотанымдық шара бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны теңге ілуге жалғасты. Онда жасөспірімдер арасында ұлттық спорт сайыстарында ел намысын қорғап жүрген спортшылар Рахат Қамбаров пен Нұрбағлан Сәдуақас теңге ілді. Бұл ұлттық ойын көбіне қыз ұзату және сүндет той думанында ойналады. Алаңға мұнан соң Шыңғыс Марикажар пен Назерке Қасымбек шығып, жігіт қызды қуып шаба жөнелді. Жүйрік атының арқасында қызды қуып жетіп, ойын шарты бойынша бетінен сүйді. Қыз да өз кезегінде жігітті қамшылап қарымтасын қайтарды.

«SN.kz»-ақпарат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары