Макгрегордың диетологы Джеймс Локвуд қазақстандық боксшы Генадий Головкинмен бірге жұмысында сәттілікке қол жеткізетініне сенеді, деп хабарлайды Sports.kz.
«Головкиннің осыған дейін өз диетологы немесе аспазы болмағанына таң қалмаймын. Өйткені ол кәсіби мансабында еш жеңіліс таппады. Барлығы жұмыс жасап тұрса, оны жөндеудің қажеті шамалы деген пікірде болған. Бірақ лагерде арнайы диетаны ұстансаң, табысқа кенелу мүмкіндігің жоғары. Сенің бойыңда мол қуат пайда болып, қайта қалыпқа келу үрдісі тез жүреді. Сондықтан бұл лагерде Генадий бізбен бірге бірнеше жылға жасарады!» – деді Локвуд.
Ал, Головкин өз кезегінде осыған дейінгі бапкерлері мен мамандары мұндай біліктілігімен әрдайым ерекешеленбегенін айтады. Әсіресе, бұрынғы бапкері Абель Санчес диетаны өзгертуге қатты тырыспаған екен.
«Егер спортта үздік боп, биік шыңдарды бағындырғың келсе, онда мықты мамандармен жұмыс істеуің керек. Бапкерің диетаны өзгертіп қайтесің, бурритоға әдеттенсең – бурритоңды жей бер дегені дұрыс емес деп ойлаймын», – деді Головкин.