АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Ұлттық құрама атлеттері кеше екі күміс пен бір қола медальды қоржынға салды. Ерлер арасында 94 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев тиісінше екінші және үшінші орындарды иеленсе, қыздар арасында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жазира Жаппарқұл біріншіліктің күміс жүлдегері атанды.
Алмас Өтешов қос жаттығудың нәтижесі бойынша 402 келіні (172+230) бағындырса, Жасұлан Қыдырбаев 399 келімен (178+221) шектелді. Неге екені белгісіз, жұлқа көтеру жаттығуында төрешілер Өтешовтың 180 келіні көтергендігін алдымен есептеп, кейін қайта санамай қойды. Ал, бұл салмақтағы алтын медальды белорусь атлеті Вадим Стрельцов жеңіп алды.Жазира Жаппарқұл болса осымен екінші рет әлем чемпионатының күмісін еншілеп отыр. Қос жаттығу нәтижесінде 256 келіні бағындырған жерлесіміздің алдына қытайлық ауыртатлет Сян Яньмэй ғана түсті (263 келі). Ал, осы салмақта өнер көрсеткен әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Майя Манеза болса 235 келімен оныншы орынға тұрақтады. Айта кету керек, Манеза бұған дейін 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап келген болатын.