02.07.2019, 10:35

Шымкенттік спортшы каратеден олимпиадалық рейтингте көш бастап тұр

Бүкіләлемдік карате федерациясы (WKF) бүгін жаңартылған олимпиадалық рейтингті жария етті. 60 келіде сынға түсіп жүрген шымкенттік саңлақ Дархан Асаділов шілде айында олимпиадалық салмақтың көшін бастап тұр.

Азия ойындары мен ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, сондай-ақ каратеден әлем чемпионатының жүлдегері саналатын Дархан Асаділов өз салмағында бірінші орынға шықты. Ол италиялық Анджело Кречензо мен франциялық Стевен Дакостаны артта қалдырған екен.

Дархан маусым айында Шанхай (Қытай) мен Монреалда (Канада) өткен Премьер-лигада және А сериясы аясындағы турнирде топ жарған болатын. Өз кезегінде оның бұл жетістігі рейтингте көш бастауға мүмкіндік берген.

Еске сала кетер жайт, каратеден Олимпиада ойындарына лицензия тарататын жарыстар тізбегі келесі жылдың мамыр айына дейін жалғасады. Олимпиадалық салмақ дәрежелерінде үздік төрттіке енген спортшылар Токио ойындарына тікелей жолдама алады.

«SN.kz»-ақпарат.