08.08.2019, 17:45

Қанат Ислам келесі жекпе-жегінің қашан өтетінін айтты (ВИДЕО)

«Біздің тауда жүргенімізге он күн болды. Осында жарысқа дайындалып жатырмыз», - деді боксшы.

Қазақстандық кәсіби боксшы Қанат Ислам өзінің келесі жекпе-жегінің қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Жақында біз жарыстан соң Qazaq Promotions басшысымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болдық. Бұл - біз үшін үлкен мәртебе. Оның қолдауы біздің ынтамызды арттыра түсері сөзсіз. Біздің тауда жүргенімізге он күн болды. Осында жарысқа дайындалып жатырмыз. Келесі жекпе-жек 26 қазанға жоспарланды. Оған жауапкершілік те үлкен. Осында АҚШ-тан менің бұрынғы промоутерім Нельсон Лопес келді. Сол кісінің арқасында мен кәсіпқой боксты біліп, таныдым. Америкада әрдайым қолдап жүрді. Алматыда бақ сынағымыз келеді. Мақсатымыз – елімізді, әсем қаламыз бен оның табиғатын мақтанышпен таныту», - деді боксшы YouTube-тегі Qazaq Promotion каналында жарияланған видеода. 

Еске сала кетейік, Қанат Ислам өзінің соңғы жекпе-жегін 5 шілдеде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткізген болатын. Онда ол алғашқы раундтың 14 секундында доминикандық Хулио де Хесусаны нокаутқа түсіріп, орта салмақта WBO International белбеуін жеңіп алған.