Қазақстан ұлттық құрамасы «Еуро-2016» іріктеу додасына дайындығын жалғастырмақ. Футболшылар Талғардағы базада 5 тамыз күні жиналып, 13 тамызға дейін оқу-жаттығу жиынын өткізеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қазақстан футбол федерациясы таратқан мәліметке сай, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножанның кеңейтілген тізімінде отыздан астам ойыншы бар. Солардың арасынан үздіктері іріктеліп, алдағы Еуро іріктеу ойынында Қазақстан ұлттық құрамасының негізін құрайтын болады.
Жалпы, оқу-жаттығу жиыны аясында Еуропаның белді құрамаларының бірімен жолдастық кездесу өткізу жоспарлануда. Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамалар департаментінің басшысы Владимир Нидергаустың айтуынша дәл қазір біраз елдердің өкілдерімен жолдастық кездесу жайлы келіссөздер жүргізілуде.
― «Еуро-2016» іріктеу додасының аясындағы алғашқы қарсыласымыз - Латвия құрамасы. Бұл командамен 9 қыркүйек күні Астанада ойнаймыз. Сондықтан, Латвиямен болатын ойынға лайықтап жолдастық кездесуге қарсылас қарастырып жатырмыз. Ұлттық құрамамыздың жолдастық кездесуі 12 тамыз күні Алматыда өтеді деп жоспарлануда,― деп түсіндірді В. Нидергаус.
Ұлттық құрамамызбен бірге U-21 және U-17 құрамалары да оқу-жаттығу жиындарын өткізбек. Жастар құрамасының жиыны тамыздың 9-ы мен 13-і аралығында Шымкенттегі «Биік» базасында өтеді. Жиын барысында жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында 4 қыркүйете өтетін Франциямен болатын ойынға дайындықтарын пысықтамақ.
Ал жасөспірімдер құрамасы «Еуро-2015» іріктеу додасына дайындалады. Жеткіншектеріміздің жиыны Талғардағы базада тамыздың 22-сі мен 30-ы аралығында өтеді.