Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевты және Ермек Өміртайды спорттан уақытша шеттетті. Қазақстанның үш атлеті де допинг пайдаланды деген күдікке ілінген. Бұл жайында sportsintegrityinitiative.com порталы мәлімдеді.
Федерация өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің қанынан пайдалануға тыйым салынған заттардың ізі табылған. IWF жалпы 17 атлетті спорттан шеттеткен. Олардың қатарында қазақстандықтармен бірге Ресей, Әзірбайжан, Белорусь, Молдова және Солтүстік Корея елдерінің спортшылары бар.
Естеріңізге салайық, қараша айының 20-29 аралығында Хьюстон қаласында өткен әлем біріншілігінде Өтешов - күміс, Қыдырбаев қола медаль еншілеген болатын. Ал, Ермек Өміртай жарысты ерте аяқтады.