Күні кеше Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Хьюстондағы әлем чемпионатында өнер көрсеткен 17 атлетті уақытша спорттан шеттеткен болатын. Олардың қатарында Қазақстанның үш өкілі де бар. Атап айтқанда, Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов және Ермек Өміртай тыйым салынған препараттар қолдануы мүмкін деген күдікке ілініп отыр. Олардың тағдырын қосымша жүргізіліп жатқан тексеру жұмыстары шешетін болады.
Ал, ресейлік ауыратлет, әлем рекордсмені Алексей Ловчев болса мұны Батыстың ұйымдастырып отырған "саяси ойыны" дейді. Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Ловчев те аталған "қара тізімнің" қатарында.
"Мен еш түсіне алар емеспін. Менің ағзамда тыйым салынған препараттың болуы мүмкін емес. Мақсатым - Олимпиада ойындарының алтыны, сол жолда мен қаншама тер төктім. Допингке қарсы ережелердің барлығын сақтадым. Менен бөлек бұл тізімде тағы 16 спортшы бар. Кеше олардың кім екендерімен танысып көргенімде мәселенің қайда жатқаны белгілі болды, мұның астарында үлкен саясат жатыр. Яғни, Ресейге қарсы жасалып жатқан тағы бір әрекет. Дегенмен, берілейін деп жатқан мен жоқ. Антидопингтік заңнамада көрсетілген барлық құқықтарымды сақтай отырып, әрекет етпекпін. Ал, қазір барлық жанкүйерлерді, кәсіпқой ауыратлеттерді сабыр сақтауға шақырамын, іске нүкте қойылмай тұрып біреуді жамандаудан аулақ болыңыздар" дейді Ловчев ресейлік журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, "қара тізімге" ілінген спортшылар Қазақстанның, Ресейдің, Молдованың, Белорус Республикасының, Солтүстік Кореяның, Әзірбайжанның, Грекияның өкілдері.