Аса ауыр салмақтағы Қазақстан боксшысы Руслан Мырсатаев кәсіпқой бокста бағын сынап көрмек. Бұған дейін Әлем чемпионатында және Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, кейін "Астана арландарының" сапында жұдырықтасқан боксшы алғашқы жекпе-жегін 30 қаңтар күні Алматыда өткізеді деп хабарлайды Inboxing.kz.
Жерлесіміз бұл күні Ресей боксшысы Валерий Замираловпен кездеседі деп күтілуде. Аталған кездесу бокс кешінің басты жекпе-жегі болады. Мырсатаевтан бөлек шаршы алаңға Айдос Ербосынұлы, Берікбай Нұрымбетов, Ержан Залилов, Нұрсұлтан Қабдулов сынды қазақ боксшылары шығып, кәсіпқой бокстағы рейтингтік жекпе-жектерін өткізеді. Айтулы шара жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:00-де басталмақ.
Бокс кеші Royal Tulip қонақ үйінде өтеді.