Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген Астананың "Барысы" биыл тарихында алғаш рет жарыстың плэй-офф кезеңіне өте алмай қалды. Соңғы шешуші екі ойынның алғашқысын қазандық "Ақ барстан" ұтылған жерлестеріміз бүгін Омбыда жергілікті "Авангардпен" тең ойнады. Ойын соңынан кейін белгіленген овертаймда жеңімпаз анықталмаған соң, буллит сериясында "Барыстың" мерейі үстем болған. Дегенмен, маңызды үш ұпайдан айрылған астаналықтар турнирді осымен аяқтайды.
Плэй-офф кезеңіне берілетін соңғы жолдаманы Андрей Назаров шәкірттері Нижнекамсктың "Нефтехимик" командасымен сарапқа салған болатын. Ресейлік клубтың еншісінде үш ұпайға артық еді. Бүгін "Барыс" "Авангардты" ойынның негізгі бөлігінде жеңген болса гол саны жағынан плэй-офф жолдамасын алуға мүмкіндігіміз болған. Дегенмен, бұл мүмкіндікті астаналық клуб пайдалана алған жоқ.