$ 480.63  535.13  5.27

Қазақстан боксшылары Рио олимпиадасына толық құрамда барады

Қытайдың Цзяньан қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде өнер көрсеткен қазақ боксшыларының барлығы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алды. Бүгін жолдама үшін шаршы алаңға шыққан соңғы боксшымыз Олжас Сәттібаев қырғыз спортшысы Азат Үсенәлиевті жеңіп, турнирдің қола жүлдегері атанды.

Айта кетейік, Қытайда өтіп жатқан осынау халықаралық бәсеке боксшылар үшін Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған соңғы жарыс. Қазақстан тарапынан турнирге ерлер арасында 6 боксшы қатысты. Олардың төртеуі финалға шықса, екеуі жартылай финалда сүрінген. Алайда, жолдама үшін болған қосымша жекпе-жекте қос боксшымыз да қарсыласынан басым түсіп, қолда бар мүмкіндікті уыстан шығарған жоқ. Олардың бірі 56 келідегі Қайрат Ералиев болса, екіншісі осы Олжас Сәттібаев (52 келі). 

Ал, жарыстың финалына шыққан төрт боксшының бірі бүгін таңертең Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салып үлгерген болатын. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Жәнібек Әлімханұлы қытайлық Мингганг Жаоны жеңіп, турнир жеңімпазы атанса, қалған үш боксшы енді шаршы алаңға шығады. Олар: Абылайхан Жүсіпов (64 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) және Иван Дычко (+91 келі).

Ал, қыздар арасында әзірге бір ғана боксшымыз Олимпиада ойындарына жолдама алды. 75 келіде жұдырықтасатын Дариға Шакимова турнирдің финалында. Ол кеше корей қызы Унг Жангты жеңіп, Олимпиада жолдамасын қанжығасына байлаған болатын. Ал, әлем чемпионы Назым Қызайбай болса алғашқы жекпе-жегінде әйгілі үнді боксшысы Мэри Коммен кездесіп, ұпай айырмасымен жеңіліп қалды.

Айта кетейік, қыздар үшін бұл Олимпиада лицензиясы сарапқа салынатын соңғы жарыс емес. Мамыр айында арулар үшін тағы бір мүмкідік бар.

Ал, бокстан ерлер құрамасы Риоға мынадай құраммен аттанатын болады:

49 келі - Біржан Жақыпов

52 келі - Олжас Сәттібаев

56 келі - Қайрат Ералиев

60 келі - Берік Әбдірахманов

64 келі - Абылайхан Жүсіпов

69 келі - Данияр Елеусінов

75 келі - Жәнібек Әлімханұлы

81 келі - Әділбек Ниязымбетов

91 келі - Василий Левит

+91 келі - Иван Дычко

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары