$ 443.44  480.51  4.88

Алматыдағы қысқы универсиада ойындарына 64 мемлекет қатысатын болды

Алматыдағы 2017 жылғы қысқы Универсиада халықаралық студенттер ойынына қатысуға тіркелген елдер саны бойынша рекорд орнатты. Дәл қазір, 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға 64 мемлекет қатысуға өтініш білдірген.

2017 жылғы Универсиаданың www.almaty2017.com сайтында жүргізілген аккредитацияның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 64 елдің студенттік спорт федерациялары ресми өтініштерін жіберген.

Қатысушы мемлекеттер (FISU классификаторы бойынша):

Еуропа: Германия, Швейцария, Норвегия, Ұлыбритания, Франция, Латвия, Польша, Ресей Федерациясы, Словакия, Италия, Швеция, Грузия, Австрия, Венгрия, Финляндия, Чехия, Түркия, Украина, Испания, Словения, Беларусь, Хорватия, Эстония, Румыния, Македония, Босния және Герцеговина, Болгария, Әзербайжан, Сербия, Литва, Армения, Нидерланды, Бельгия, Португалия, Израиль, Черногория.

Америка: Америка Құрама Штаттары, Канада, Бразилия, Аргентина, Чили.

Азия: Жапония, Қытай, Қазақстан, Корея Республикасы, Монғолия, Ауғанстан, Қытай Тайпэйі, Түркменстан, Тайланд, Қырғызстан, Ливан, Гонконг (Қытай), Тәжікстан, БАӘ, Пәкістан, Иран, Непал.

Африка: Оңтүстік-Африка Республикасы, Уганда, Мадагаскар, Гамбия.

Океания: Австралия, Жаңа Зеландия.

Айта кетейік, 2007 жылы Италияның Турин қаласында өткен қысқы Универсиадаға 48 ел қатысқан. Ал, 2009 жылы Түркияның Эрзурум қаласында өткен ойындарда – 52 ел, Трентино (Италия) – 50 ел, Гранада, Штрбске-Плесо (Испания, Словакия) – 42 ел қатысты.

«Алматыдағы Универсиадаға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Барлық операциялық сала, Халықаралық студенттік спорт федерациясының кеңесі мен талабы бойынша тұрғызылуда. Барлық функциялар алдын-ала тестілік шараларда сыналады. Біздің мақсатымыз – Алматыдағы қысқы Универсиаданы жаңаша әрі тиімді өткізу. Бұл ойындардың Қазақстан мен әлемде студенттік спорттың дамуына септігін тигізеді», - деді 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекциясының директоры Әсет Әбуалиев.

Еуропаның студенттік спорт федерациялары ең бірінші болып 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға қатысу туралы ниеттерін білдірді. Мәселен, Ұлыбритания құрамасы Алматыда өтетін Универсиадаға дайындықтарын бастап кетті.

«Қазір біз студент спортшыларды жан-жақты іріктеуді бастадық. Сыннан сүрінбегендер, келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға барады. Біз Ұлыбританияның барлық спорт федерацияларымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар біздерге жаттығу жұмыстарына көмек қолын созуда. Хоккейден ерлер құрамасы 29-шы қаңтар күні, 2017 жылғы қысқы Универсиадаға тура бір жыл қалған уақытта дайындықтарын бастап кетті. Алматыдағы қысқы ойындарға Ұлыбритания атынан 90 спортшы келеді деп жоспарланған. «FISU қанаты астындағы Универсиада ойындары жауапты әрі қызықты, жоғары деңгейлі жарыс. Біз Алматыдағы қысқы ойындарды асыға күтудеміз», - деді Ұлыбританияның студенттік-спорт федерациясының бас хатшысы Нил Роджерс.

Швейцарияның студент спортшылары да қысқы ойындарға дайындықтарын бастады. Қазіргі таңда олар ұлттық және халықаралық жарыстарда тәжірибелерін шыңдап жүр.

«Бізді Алматыда өте қызық жарыс күтіп тұр деп ойлаймыз. Бұған дейін біздің жолымыз Қазақстанға көп түспеді. Біз дода өтетін елмен жақынырақ танысқымыз келеді. Сондықтан, келер жылды асыға күтеміз. Бүгінгі таңда Швейцарияның жас спортшылары өздерінің біліктілігін арттыру жолында ұлттық және халықаралық жарыстарға етене қатыса бастады. Келер жылғы қысқы Универсиада ойындарына дейін олар тыңғылықты дайын болады деп есептейміз. Келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарына Швейцариядан 80 спортшы қатысады», - деді Швейцарияның студенттік спорт федерациясының өкілі Сесиль Бюссе.

Еуропалық мемлекеттерден бөлек, Азия елдері де Универсиадаға дайындықтарын бастаған. Мысалы, Оңтүстік Корея Республикасынан Алматыдағы додаға 150 спортшы келеді деп күтілуде.

«Біз Алматыға келуді, қала туралы көптеп біліп, Қазақстанда естен кетпес оқиғаларды бастан кешіруді тағатсыздана күтіп жүрміз. Біз дәстүрлеріміз жайлы ақпарат алмасып, Алматыда үлкен тәжірибе жинақтаймыз деп үміттенемін. 150-ге жуық спортшы Алматыға келеді деп жоспарлап отырмыз. Біз Алматыдағы Универсиада жарысының жақсы ұйымдастырылатына сенеміз және ұйымдастырушы комитет пен ерктілердің көмегіне үміт артамыз. Оңтүстік кореялық спортшылар барлық қатысушыларға сәттілік тілейді, жаңа достарды табуға үміттенеді», - деді Оңтүстік Корея Олимпиада комитеті директорының орынбасары Чхве Мин Ген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары