16.06.2016, 03:01

Илья Ильин мен қазақстандық үш Олимпиада чемпионы жарыстардан шеттетілді

Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин мен Лондон олимпиадасының чемпиондары Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова допинг дауына байланысты жарыстардан уақытша шеттетілді. Төрт спортшының қанына жүргізілген талдаулар онда рұқсат етілмеген затардың бар екенін анықтаған көрінеді. Бұл туралы ақпарат Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) ресми сайтында жарияланды.

Анализдерді қайта тексеру барысы көрсеткендей, төрт спортшының ағзасынан станозол затының бар екені анықталған. Ал, Ильин мен Чиншанлодан өзге де препараттардың белгілері табылды.

Қазіргі таңда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы аталған атлеттерден Олимпиада медальдарын қайтарып алу мәселесін қарастырып жатыр.

Естеріңізге салайық, 4 маусым күні бірқатар БАҚ өкілдері Илья Ильин мен Зульфия Чиншанлоның допинг дауына іліккенін хабарлаған еді. Олардың 2012 жылғы Олимпиада ойындары кезінде тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсетіпті.

Айта кетейік, бұған дейін Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло Рио олимпиадасына баратын ұлттық құраманың сапына алынған болатын. Дүбірлі дода биыл тамыз айында өтетін болады.