Қазақстандық ауыратлет, әлем чемпионы Владимир Седов Риода өтетін жазғы олимпиада ойындарына баруға мүмкіндік алды деп жазады Vesti.kz ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ниге сілтеме жасап.
"Седовтың жайына келер болсақ, біз оған өзін дәлелдеу үшін тағы бір мүмкіндік беріп отырмыз. Ол соңғы іріктеуге қатыса алады, бірақ өзгелерден бөлек, яғни жалғыз өзін тексереміз. Бұл мүмкіндігін Седов 12 шілде күні Талдықорғанда пайдалана алады", - деді Алексей Ни.
Айта кетейік, жуырда өткен Қазақстан біріншілігінде Седов 94 келіде өнер көрсетуі тиіс болатын. Алайда, жарыс тұғырына шыққан ол зілтемірді көтеруден бас тартып, Олимпиада чемпионы Илья Ильинді айыптайтын сөздер айтқан еді. Кейін үстіндегі жейдесін шешіп, жарыс болып жатқан залды тастап кетіп қалды.
Мұнан кейін де ол Ильин мен бас бапкер Алексей Ниді бірнеше рет айыптап, әлеуметік желілерге жазба жазған. Тіпті, олимпиада чемпиондары допинг-дауына іліккен кезде де Седов тынышталған жоқ.