Футболдан Еуропа чемпионатында сенсация жасаған Исландия ұлттық құрамасы еліне оралды. Ұлт мақтаныштарын күтіп алуға Рейкьявиктегі орталық алаңға ондаған мың адам жиналып, команданың жетістігін күні бойы тойлады.
Алаңға нақты қанша адам жиналғаны белгісіз. Бір деректерде 10 мың деп көрсетілсе, өзгелері 30 мыңнан кем болған жоқ дейді. Ел астанасы Рейкьявикте барлығы 118 мың адам тұрады. Ал, Исландия халқының саны небәрі 325 мың адамды құрайды.
Айта кетейік, Исландия құрамасы Еуропа біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, топтан плэй-офф кезеңіне жеңіліссіз шықты. 1/8 финалда Англия құрамасын 2:1 есебімен ұтқан Хеймир Хадльгримссон мен Ларс Лагербек (құраманы екі бапкер жаттықтырады) шәкірттері ширек финалда Францияға жеңілді.