25.07.2014, 02:55

«Астана» мен «Шахтер» келесі айналымға өтіп, «Қайрат» қалып қойды (ВИДЕО)

Сурет: shahter.kz

Кеше кешкісін еліміздің үш бірдей футбол командасы УЕФА Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп, екеуі келесі айналымға өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Еуропа лигасы іріктеу турнирлерінің екінші айналымында жауапты кездесулерді бастаған қарағандылық «Шахтер» өз алаңында ойдағыдай нәтижеге қол жеткізді. Жерлестеріміз литвалық «Атлантаспен» өткен ойын барысындағы басымдықты өздеріне ала білсе де есеп тек екінші таймның басында ғана ашылды. Сол қапталдан берілген бұрыштама добын ұрымтал сәттердің бірінде ұтымды пайдалана білген Михрет Топчагич 46 минутта «Шахтерді» алға шығарды. Арада 15 минут өткенде оң қапталмен шабуылдап жүрген Ұлан Қонысбаев та жеке шеберлігін паш етті.

Шабуыл өтінде допты қабылдап алып, қорғаушыны алдап өткен ол қақпашы қақши алмайтындай соққы жасады. Есеп 61 минутта 2:0-ге жетті.

Кездесудің нүктесін қойған «Шахтердің» жас өрені Роман Муртазаев қосымша уақытта (93 минут) доп айырмашылығын 3:0-ге жеткізді. Сөйтіп, екі кездесудің қорытындысы бойынша, қарағандылық команда келесі айналымға өтті.

Енді «Шахтер» үшінші айналымның бірінші ойынын осы айдың 31 күні хорватиялық «Хайдук» командасымен өткізеді.

Екінші айналымды аяқтаған қазақстандық үш команданың ішінде тек алматылық «Қайрат» қана қарсыласына есе жіберді. Даниялық «Эсбьерг» командасымен Алматыда өткен алғашқы ойында 1:1 есебімен тең түскен болатын. Ал, кешегі кездесуде дат ойыншылары кездесудің 38 минутында қарсыластар ойыншысы Якоб Янкерсен «Қайрат» қақпасына доп енгізді. Айып алаңынан допты теуіп шығара алмаған алматылықтарды қарсыластар осылайша жазалады. «Қайрат» ойыншылары да бірнеше сәтте гол салатын тамаша мүмкіндіктері болғанымен, 1:0 есебі ойын аяғына дейін өзгеріссіз қалды. Осылайша, қос кездесудің нәтижесінде 2:1 есебімен келесі айналымға «Эсбьерг» өтіп кетті.

Еуропа лигасында табысты өнерімен тамсантып жатқан кезекті командамыз «Астана» болса, сырт алаңда ойнап, ұтылғанымен келесі кезеңге өту мүмкіндігін сақтап қалды. Астанада өткен бірінші ойында қарсыласын 3:0 есебімен ойсырата ұтқан астаналықтар сырт алаңда небәрі қақпаларына көп гол жібермесе жетіп жатыр еді.

Күткеніміз расқа айналды да. Негізінен қорғанысқа көп көңіл бөлген «Астана» ойыншылары тек 57 минутта ғана сыр алдырды. Біздің команданың қақпасына пенальти белгіленіп, одан Лукас Саша мүлт кеткен жоқ. Есеп 1:0. Алайда, қарсыластар бүкіл ойында 1 голмен ғана шектелді. Бұл астаналықтардың келесі айналымға өтуіне жол ашты.

Енді «Астана» үшінші айналымның алғашқы кездесуін 31 шілде күні швециялық АИК командасымен өткізетін болады.