Кәсіпқой бокстан WBA Fedelatin және WBA FideCaribe тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Қанат Ислам 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының елшісі болады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр. Дүбірлі дода Алматыда 2017 жылдың 28 қаңтарында басталып, 8 ақпанда мәресіне жетуі тиіс.
Даңқты боксшы Алматы әкімі Бауыржан Байбекпен кездесіп, 29 қазанда "оңтүстік астанада" өтетін жекпе-жегі жайын талқылады.
Екіжақты әңгіме барысында Б.Байбек Қанат Исламға осынау кездесуде тек жеңіс тілейтінін айтып, Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарының дайындығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының өзі бүгінгі таңда Алматы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын асыру үшін осынау жарысты жоғары деңгейде өткізуді тапсырған екен.
"Бізге артылған тапсырма - аталған халықаралық жарысты аса жоғары деңгейде өткізу. Ол үшін біз ауқымды жан-жақты жұмыстарды жүзеге асырып, барлық жағдайларды жасап жатырмыз. Біз үшін алматылық спортшының осындай үлкен дәрежеге жетіп, Қазақстан атын әлемге танытып жүруі үлкен мәртебе", - деді Б.Байбек кездесу кезінде.
Ал, Қанат Ислам болса Универсиаданың ресми елшісі болу өзіне артылған сенім мен міндет екенін айтты.
"Бүкіләлемдік ойындар Қазақстан спортын дамытуға серпіліс береді. Бүгіннің өзінде Алматыда көптеген спорттық нысандар ашылып, қаланың өзі адам танымастай өзгерген", - деді боксшы.