09.08.2016, 03:26

Рио-2016: Қазақстандық боксшылар алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді

Бүгін таңертең алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізген қазақстандық боксшылар - Біржан Жақыпов (49 кг) пен Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) және Виталий Левит (91 кг) жарыстың келесі айналымына шықты.

Алғаш болып рингке шыққан Біржан Жақыповқа намибиялық боксшы Маттиас Хамуньела қарсылас атанды. Аса тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер бірауыздан жеңісті Қазақстан өкіліне ұстатқан. Алайда, африкалық боксшыны жеңу біраз қиындық тудырғанын Жақыповтың өзі кездесуден кейінгі сұхбатында мойындады. Жерлесіміздің келесі қарсыласы - өзбек боксшысы Хасонбай Дусматов.

Ал, британдық Энтони Фаулермен кездескен Жәнібек Әлімханұлы болса үш раунд бойы қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуып жүріп сабады. Есеп 3:0 (30:27, 30:26, 30:26). Алғашқы раундтан-ақ басымдықты өз қолына алған Әлімханұлы екінші раунда британ боксшысын бір рет нокдаунға жіберген. Ал, үшінші раунда жерлесіміз осы басымдықты сақтап, қарсыласының еркін қимылдауына мүмкіндік берген жоқ. Оның келесі қарсыласы Ильяс Аббади (Алжир) - Мпи Нгамиссенгуе (ДРК Конго) жұбының жекпе-жегінен кейін анықталады.

Жарыс күнін қорытындылаған тағы бір жерлесіміз Виталий Левит қытайлық Фэнкай Юды екінші раунда айқын басымдықпен жеңді. Ауыр соққыдан бір құлап тұрған 19 жастағы боксшы кездесуді одан әрі жалғастырудан бас тартып, Левит үшінші айналымға жолдама алды. Бірінші айналымды жерлесіміз қарсылассыз өткен болатын. Енді ол келесі жекпе-жегін Маврики боксшысы Кеннеди Сен-Пьеррмен өткізеді.