$ 498.34  519.72  4.85

Рио-2016: Бүгін боксшылар жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады

Бүгін Риода өтіп жатқан ХХХІ жазғы олимпиада ойындарында Қазақстанның қос боксшысы жартылай финалдың жолдамасы үшін шаршы алаңға шығатын болады. Сондай-ақ, жанкүйерлер ауыратлет Жазира Жаппарқұл мен әлем чемпионы Ниджат Рахимов үшін де тақым қысатыны сөзсіз.

Бокстан 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Біржан Жақыпов өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовпен өзара мықтыны анықтайды. Ал, 91 келідегі жерлесіміз Василий Левит болса Маврикий спортшысы Кеннеди Сен Пьермен жұдырықтаспақ. Боксшылардың қай жеңгені жоқ дегенде Олимпиаданың қола жүлдесін қанжығасына байлайды.

Сондай-ақ, Қазақстан қоржынына медаль салуы мүмкін тағы екі спортшымыз - ауыратлеттер Ниджат Рахимов (77 келі) пен Жазира Жаппарқұл (69 келі) да бүгін түнде жарыс жолына шығады.

Ал, таңғы сағат 07:00-де 200 метрге брасс әдісі арқылы жүзетін спортшылардың финалдық сайысы басталмақ. Іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен қазақстандық Дмитрий Баландинді жүлделі орыннан көруге үміттіміз.

Сонымен қатар, бұл күні оқ атудан Владимир Исаченконың, семсерлесуден Илья Мокрецовтың, садақ атудан Луиза Сайдиеваның өнерін тамашалаймыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары