Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны алғаш рет алтын медальмен толықты. Ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Ниджат Рахимов әлем чемпионатындағы жетістігін қайталап, жарыс чемпионы атанды.
Жұлқа көтеру жаттығуында Рахимов 165 келіні бағындырып, кезеңді үшінші орынмен аяқтаған болатын. 168 келілік зілтемірді ол көтере алған жоқ.
Есесіне серпе көтеруде Рахимовтың алдына түсер жан болмады. Ол шешуші мүмкіндігінде 214 келілік зілтемірді басынан асыра көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Жалпы есепте 379 килограмм көрсеткішімен Қазақстан ауыратлеті Рио олимпиадасының чемпионы атанып отыр.
Екінші орынды алған қытайлық атлет Люй Сяоцзюнь де жалпы есепте 379 келіні бағындырған. Алайда, оның жеке салмағы Рахимовтың салмағынан ауырлау болғандықтан, ережеге сәйкес ол екінші орынға сырғыды. Сяоцзюнь 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы екенін айта кету керек.
Ал, үздік үштікті египеттік Мұхаммед Махмуд қорытындылап отыр. Оның қос жаттығу нәтижесінде бағындырған салмағы - 361 кг.
Естеріңізге салайық, Ниджад Рахимов Хьюстон қаласында өткен соңғы әлем чемпионатында да Қазақстан қоржынына алтын медаль салған болатын.