11.08.2016, 03:32

Рио-2016: Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-орынға көтерілді

Олимпиаданың бесінші жарыс күні қазақстандықтар үшін жемісті аяқталды. 2 алтын мен 1 күміс медальды қоржынға салған спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте Қазақстан ұлттық құрамасының жағдайын біршама жақсартты.

Ауыратлет Жазира Жаппарқұл екінші орын иеленіп, қазақ жанкүйерлерін қуантқаннан кейін, қоржынымыз тағы екі алтын медальмен толықты. Алдымен 77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ниджад Рахимов әлем рекордын жаңарта отырып, жарыс чемпионы атанса, араға бірер сағат салып 200 метрге брасс әдісімен жүзген Дмитрий Баландин алдына жан салған жоқ. Ол қазақ тарихында жүзу спортынан Олимпиада ойындарын жеңіп алған алғашқы спортшы екенін айта кетейік.

Жерлестеріміздің бұл жетістігі Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте бірнеше сатыға жоғарылап, 11-орынға тұрақтауына себеп болды. Қоржынымызда енді 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль бар.