11.08.2016, 04:08

Рио-2016: Бүгін Данияр Елеусінов пен Максим Раков жарыс жолына шығады

Олимпиаданың алтыншы күні жарыс жолына Қазақстанның медальдан үмітті бірнеше спортшысы шығады. Атап айтқанда, дзюдошы Максим Раков олимпиада алтыны үшін таласса, боксшылар Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетов, Абылайхан Жүсіпов пен Қайрат Ералиевтер жарыстағы алғашқы жекпе-жектерін өткізеді.

Бокс кешін "Хабар" телеарнасынан тамашалайсыз. Алдымен түнгі 02:30-да рингке 56 келіде өнер көрсететін Қайрат Ералиев шықса, 03:15-те Абылайхан Жүсіповтің (64 келі) жекпе-жегін тамашалаймыз. 04:15-те Данияр Елеусінов, 04:45-те Әділбек Ниязымбетов жарыс жолына шығады.

Дзюдодан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күресетін Максим Раковтың да Олимпиада алтынынан үміті бар. Ол 19:00-де алғашқы белдесуін өткізеді. Финалдық кезеңге жолдама алса түнгі 00:30-дан бастап медалін сарапқа салмақ.

Естеріңізге салайық, жарыстың бесінші күні қазақстандықтар үшін жемісті аяқталды. Ауыр атлетикадан қыздар арасында сайысқа түскен Жазира Жаппарқұл алдымен күміс медаль иеленсе, ерлер арасында Ниджат Рахимов Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ, қазақ тарихында алғаш рет суға жүзу спортынан Қазақстан қоржынына олимпиада алтыны түсіп отыр. 200 метрге брасс әдісімен жүзген Дмитрий Баландин басты қарсыласы америкалық Джош Перноны басып озып, жарыс сенсациясын жасады.