11.08.2016, 09:52

Ниджат Рахимов: Әзірбайжанға кетпеймін, тек қонақ болып баратын шығармын...

Кеше ғана Рио олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальды салған ауыратлет Ниджат Рахимов Vesti.kz тілшілерімен сұхбаттасып, барша қазақстандықтарға қолдағандары үшін алғысын айтты.

77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рахимов серпе көтеру жаттығуында 214 келілік зілтемірді басынан асырып, әлем рекордын жаңартқан болатын. Дәл осы жетістігі оған Олимпиада чемпионы деген атақты қоса алып келді.

- Олимпиада чемпионы өзін қалай сезіну керектігін мен әлі білмеймін. Толқып тұрмын. Иә, жеңген сәтте жыладым, сонау бала кезден бастап келе жатқан спорттаағы жолым есіме түсті. Жаттығуды қалай бастағаным, қалай тер төккенімнің бәрі көз алдымнан өтті. Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан көз жасыма ие бола алмадым, - деді Ниджад тілшілермен болған әңгіме кезінде.

- 214 келілік рекордқа барған кезде көтере алатыныңа сенімді болдың ба?

- Иә деп айта алмаймын, мақтанғандай естіледі. Мен өте көп жаттықтым. Жұлқа көтеру кезінде біраз күдік болғанын жасырмаймын, ұпай жоғалтамын ба деген уайым болды. Ал, серпе көтеруге әбден дайындалғанмын, яғни дайын едім.

- Бапкер дәл осы салмақты белгілегенде онымен келістің бе?

- Иә, біз 209, кейін 212, сосын 214 келіні көтеруіміз керектігін алдын ала білдік. Мен бірден айттым, бірінші мүмкіндігім - медаль үшін, екіншісі - жеңіс үшін. Ал, үшінші мүмкіндік бізге қажет болған жоқ.

- Жалпы, серпе көтерудегі рекордың қандай?

- Былтыр олимпиадаға дайындық кезінде 211 келіні көтеретінмін. Ал, Хьюстон алдында 217 келіні көтергенім бар. Биыл осынау жарыс алдында 200 келіден асырып көтргенім жоқ.

- Чемпион болған тұста өзіңнің отаның туралы ойладың ба?

- Мен тек жаттығу жасаған кездерімді ғана ойладым. Осы жеңіске жету үшін қанша күш жұмсағанымды ойладым. Өзгелер ұйықтап жатқан кезде біз жаттығып жататынбыз. Қар-жаңбырға қарамастан жаттықтық. Міне, ойыма тек осылар ғана келді.

Атырау облысына мені қолдағандары үшін алғыс айтқым келеді. Әкемдей болып кеткен Энвер Түркілериге алғыс, Алексей Геннадьевич пен Виктор Геннадьевичке алғыс. Бұл менің еңбегім емес, ең бірінші Алланың арқасында келген жеңіс. Содан кейін жаңа атын атаған кісілердің еңбегі. Жалпы, қазақ еліне алғысым шексіз. Теледидардан қаншама адамның жанкүйер болғанын біліп отырмын. Баршаңызға рахмет!

- Қытайлықты жеңгеніңді қай уақытта түсіндің?

- Ол 200 келіні 197-ге ауыстырғанда білдім. Мен алдымен 204 келіні көтеріп, екінші мүмкіндікте 209-ға тапсырыс береміз деп ойладым. Кейін 212 келімен бірінші орын алуды жоспарладық. Кейін Алексей Геннадьевичке қаншаға тапсырыс берсеңіз де көтере берем дедім. Көтердім.

- Егер отаныңа қайта шақырса, барасың ба?

- Жоқ, мен Қазақстанда қаламын. Елге енді тек қонақ ретінде баратын шығармын, Қазақстанға әбден үйреніп қалдым.

Айта кетейік, 22 жастағы Ниджат Рахимов 2014 жылға дейін өзінің тарихи отаны Әзірбайжанның атынан жарыстарға шығып жүрген болатын. Алайда, өз еінде қолдау таппаған спортшы Қазақстанға келіп, біздің мемлекеттің азаматтығын алды. Ол 2015 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алтын медаль салған болатын.