$ 498.34  519.72  4.85

Рио-2016: Тағы бір қазақ боксшысы жарысты ерте аяқтады

Олимпиаданың алтыншы күні қазақстандық спортшылар қоржынға медаль сала алған жоқ. Жүлде алады деген дзюдошы Максим Раков (100 келі) жарысты 1/8 финалдан аяқтаса, мерген қызымыз (винтовкадан ату) Елизавета Король небәрі 26 орыннан ары аса алған жоқ. Ал, алғашқы кездесулерін өткізген төрт боксшымыздың бірі, яғни 64 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов британдық қарсыласына есе жіберді.

Қазақстандық боксшылардың тарапынан рингке алғаш болып 56 келідегі Қайрат Ералиев шыққан болатын. Әзірбайжан боксшысы Джавид Челебиевпен күш сынасқан ол үш раундта да қарсыласынан басым түсіп, төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына ұстатты. Енді ол ширек финалда бағын сынап көрмек.

Ал, 19 жастағы Абылайхан Жүсіповтің жолы болған жоқ. Британ боксшысы Пэт Маккормакпен жұдырықтасқан жерлесіміз тәжірибенің аздығынан болу керек, рингте өз білгенінен жаңылды. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов болса Абылайханның физикалық дайындығы төмен екенін мойындады.

Есесіне өзге британдық боксшы Джош Келлиді Данияр Елеусінов (69 келі) айқын басымдықпен жеңді. Қарсыласына мүлдем мүмкіндік қалдырмаған Данияр ширек финалда.

Келесі айналымға өткен боксшылардың қатарында Әділбек Ниязыбетов (81 келі) те бар. Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері белорус Михаил Долголевецті жеңді. Енді ширек финалда жерлесіміз Лондон олимпиадасының қола жүлдегері әзірбайжан боксшысы Теймур Мамедовпен жұдырықтасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары