Риодағы ХХХІ жазғы олимпиада ойындарында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатқан боксшымыз Данияр Елеусінов ақтық сынға жолдама алды.
Жартылай финалда жерлесіміз француз спортшысы Сүлеймен Сиссокомен кездескен болатын. Бірінші раундта айқын басымдық танытқан Елеусінов, екінші раундты да белсенді бастаған. Алайда, қос боксшы бір-бірімен баспен соқтығысып, салдарынан Даниярдың қабағы жыртылып кетті. Дәрігерлер қазақ боксшысының жекпе-жекті әрі қарай жалғастыра алмайтынын айтып, төрешіден ойынды тоқтатуын талап еткен. Рефери солай істеді. Бірақ, кездесудегі Даниярдың басымдығын ескерген төрешілер алқасы жеңісті французға емес, Елеусіновке берді.
Енді финалдық кездесуде жерлесіміз өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен жұдырықтасады. Ол бүгін осы салмақтағы әлем чемпионы марокколық Мұхаммед Рабиді жеңген болатын.
Айта кетейік, бүгінгі жарыс күнінде Қазақстанның қос боксшысы Олжас Сәттібаев (52 кг) пен Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) жеңіліп, жүлдесіз қалды. Сондай-ақ, 91 келіде өнер көрсететін Василий Левит бүгін финалдық жекпе-жегін өткізеді.