Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп жатқан «Барыс» клубының басшылығы бас бапкер Андрей Назаровты қызметінен босатты. Бұл туралы команданың ресми сайтында хабарланған.
Мұндай шешімге астаналық клуб басшылары «Барыстың» сүреңсіз ойындарынан кейін келіп отыр. Андрей Назаров шәкірттері маусым басталғалы үш ойынды қатарынан жеңіліп, әлі бірде-бір ұпай еншілеген жоқ. Әзірге клуб тізгінін кімнің ұстайтыны да белгісіз. «Р-Спорт» порталының хабарлауынша, «Барысқа» Ресей мен Қазақстан ұлттық құрамаларын жаттықтырған Владимир Крикунов бас бапкер болып тағайындалуы мүмкін.
Әзірге «Барыс» Шығыс конференциясында нөл ұпаймен соңғы орынға жайғасқан.
Андрей Назаров астаналық клубты 2014 және 2015 жылдары жаттықтырды. Мұнан кейін ол СКА клубына ауысып, көп ұзамай Астанаға қайта оралған болатын.