Астана қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген «WorldSkills Kazakhstan 2016» Ұлттық чемпионатында Оңтүстіктің студенттері жүлделі орындарды иемденіп, желтоқсан айында Швецияның Гетеборг қаласында өтетін EuroSkills чемпионатына жолдама алды.
Бас қалада 12-15 қыркүйек күндері өткен Ұлттық чемпионатқа облысымыздан 7 құзыреттілік бойынша 7 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысып, өз шеберліктерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Мәселен, Шымкент қаласындағы №5 колледж студенті Ю.Мурзахметова «Киім дизайны» құзыреттілігі бойынша І орынды жеңіп алса, Шымкент қаласындағы №6 және Шардара қаласындағы №16 колледж студенттері Е.Жүсіп «Кондитер» және Ж.Таубай «Құрғақ әдіс құрылысы (сылақшы)» құзыреттіліктері бойынша ІІ жүлделі орыннан көрінді, ал Кентау көпсалалы колледжінің студенті Т.Аманкелді және №3 колледж студенті С.Тұрлы «Үздік маман» номинациясын ұтып алды.
Аталған жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің сертификаттарына ие болды.
Қазақстанда 2014 жылдан бастап енген «WorldSkills Kazakhstan 2016» чемпионаты кәсіби шеберлікті танытып жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және оларды қолдау мақсатында өткізілген жоба. Қазіргі таңда бұл ассоциация 76 мемлекетті қамтып, сонымен қатар 80% жер шарындағы халықты біріктіруде.
Чемпионат жеңімпаздарын шын жүректен құттықтап, келесі кезеңдерде толағай табыстар тілейміз!