Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында, «Еңбек күні» мерекесіне орай ордабасылық ардагерлер бас қосып, күш сынасты. Әр ауыл округінен үміткерлер қатысқан 60 азамат спорттың арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күрес, дойбы түрлерінен өзара жарысты.
Ауыр тасты көтеруден шұбарлық 65 жасар Ә.Нысанбаев үздік деп танылса, қол күрестіруден қажымұқандық И.Оразбаев өзіне қарсылас шақ келтірмеді. Дойбы ойнап, шұбарлық ардагер М.Керімбеков жеңімпаз атанды. Арқан тартысқанда ардагерлердің күші анық байқалды.
Сайыстың қорытысында жалпыкомандалық есеп бойынша І орын - Шұбар, ІІ орын - Қажымұқан, ІІІ орын Жеңіс ауыл округі ардагерлеріне бұйырды.
Жеңімпаздар арнайы Алғыс хатпен, кубокпен марапатталды. Ордабасы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі аудандық ардагерлер ұйымына алғысын білдіріп, сыйлық табыстады. Сонымен қатар, аптаның әр жұмасында ардагерлер үйінде шахматтан жарыс өтетіні келісілді.
Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын дәл осы Ордабасы ауданында «жеміс-жидектер» фестивалі өткен болатын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға барша аумақ əкімдіктері мен мектептер жəне мекемелер қатысты.
Жеміс-жидек фестивалін аудан әкімінің орынбасары Ә.Сәдірмек ашып, қатысушыларға алғысын жеткізді. Ордабасының өнімдері бүгінде талай өңірді тамсандырып жүргенін тілге тиек етіп, бұл жетістікте әр шаруаның еңбегі барын атап өтті.