Ақтаулық бапкерлер Эдик Тахаев пен Магомед Куруглиевтің шәкірті Тагир Ахмедханов еркін күрестен өткен халықаралық турнирде чемпион атанды. Осы жетістіктен кейін жас палуанға Қазақстанның спорт шебері деген атақ берілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық еркін күрес федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Қарағандыда өткен турнирде Маңғыстау облысының намысын Тагир Ахмедхановпен бірге Наиб Мухтаров және Абай Смағұлов қорғады. Ал, жалпы жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Грузиядан келген 600 палуан қатысты.
- Тагир 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол барлығы 6 белдесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Қарсыластарының бірі Грузиядан келген, қалғандары Қазақстанның палуандары. Тагир қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Тек финалда алматылық палуанға 1 ұпай ұстатып, жалпы есепте белдесуді 11:1 есебімен аяқтады, - дейді Маңғыстау облыстық еркін күрес федерациясының өкілдері.
Халықаралық турнирді жеңіп алған Тагир Ахмедхановқа спорт шебері деген атақ қоса берілді.
- Осымен бірнеше жыл қатарынан Қарағандыда спорт шебері атағын беретін чемпиондық турнир өтіп келеді. 19 жастағы Тагир үшін бұл үлкен жетістік, ол өз мүмкіндігін жіберген жоқ, - дейді палуанның бапкері Эдик Тахаев.
Естеріңізге салайық, былтыр еркін күрестен халықаралық турнирде маңғыстаулық жас палуандар барлығы 36 жүлде жеңіп алған болатын. Ол кезде де Тагир Ахмедханов бірінші орын иеленді. Ақтауда өткен аталған жарысқа Қазақстан, Дағыстан, Солтүстік Осетия, Грузия, Тәжікстан және Өзбекстан спортшылары қатысты.